Мемлекет басшысы: Алатаудағы әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажет

Мемлекет басшысы: Алатаудағы әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажет
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Бұл салада нақты атқарылған жұмыс жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Ал қазіргі таңда туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі болып саналады.

Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі мүмкін, әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық.

Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын.

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек», - Мемлекет басшысы.

Президент қаланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де – бірінші қатардағы мәселе екенін атап өтті.

«Алатаудың бас жоспарында «Golden District» ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы болады деп көрсетілген. Қалада озық білім беретін орта қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

 «Green District» ауданы тартымды туристік кластер болуға тиіс, миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек.

Осы орайда, Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағының маңызы айрықша болады. Бірақ мұнда жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай, яғни, шаңғы, сноуборд, коньки, балық аулау және басқасына жағдай жасау қажет. Әйтпесе, жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қоятыны айдан анық.

Су қоймасының жағалауындағы бей-берекет құрылысты доғару керек, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс.

Қонақ үйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн.

Олардың сәулеті, яғни, архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады», - Қасым-Жомарт Тоқаев.