Мәулен Әшімбаев: Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды

Бүгін, 15:32
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мәулен Әшімбаев: Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды
Фото: Сенат

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда сенаторлар Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдер қаралып, мақұлданды.

Отырысты ашқан Сенат төрағасы бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін атап өтті. Палата спикері бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға. Жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысықталды. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз. Сол арқылы Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі қалыптасуда. Алдағы уақытта Сенат депутаттары жаңа Ата заңымыз туралы референдумды ілгерілету жұмыстарына бір кісідей атсалысады. Осы ретте Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі қаланатын жауапты кезеңде барша қазақстандық өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, референдумға белсенді қатысады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.