Мәулен Әшімбаев: Құрылтай алдында ауқымды міндеттер тұр
ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасы, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, саяси науқан жоғары деңгейде, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті.
«Ең бастысы, азаматтарымыз жұдырықтай жұмылып, елдік мұратты көздейтін істе белсенділік танытты. Сайлауға 9 миллионнан астам қазақстандықтың қатысуы соның айқын дәлелі.
Алдын ала нәтижелерге сәйкес бес саяси партия Құрылтайға өту үшін белгіленген межеден асып отыр. Бұл жоғары өкілді органда түрлі саяси ұстанымдар мен қоғамдық көзқарастардың орын алуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынын аңғартады.
Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Құрылтайдың алдында ауқымды міндеттер тұрғанына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсаты – мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, қоғамның сұранысына жедел жауап беретін әрі халық мүддесіне қызмет ететін саяси жүйе қалыптастыру.
Осы орайда Құрылтай елдің одан әрі дамуына тікелей ықпал ететін сапалы заңдар қабылдап, Мемлекет басшысы бастамашы болған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешімін табуға басымдық беріп, нәтижелі қызмет етеді деп сенеміз.
Алдын ала нәтижелер бойынша Құрылтайға өткен партияларды құттықтай отырып, алдағы жауапты жұмыстарына сәттілік тілейміз», - деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.