Мәулен Әшімбаев: Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздігіміздің айшықты символы және елдігіміздің жарқын көрінісі
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев отандастарымызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Құрметті достар!
Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің Көк байрағымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз – Тәуелсіздігіміздің айшықты символы және мемлекеттілігіміздің жарқын көрінісі.
Рәміздер күніне орай бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірге Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатыстық. Мемлекет басшысы атап өткендей, байрағы биік елдің рухы асқақ болады.
Шын мәнінде, мемлекеттік рәміздер бәрімізді ортақ мүддеге жұмылдырып, бірлігімізді бекемдей түсетін айрықша маңызға ие. Оларды құрметтеу – әр қазақстандықтың қасиетті борышы. Бұл – отаншылдықтың, жауапкершіліктің және жасампаздықтың белгісі.
Бүгінгі мереке осындай құндылықтарды жас буынның бойына сіңіріп, Отанға, ұлтқа адал қызмет ететін білімді, білікті, патриот ұрпақ қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Айтулы күнмен құттықтай отырып, баршаңызға шаттық, қуаныш, құт-береке тілеймін!
Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын!», - деп құттықтады Сенат төрағасы.
Еске салсақ, Рәміздер күніне орай бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.