Мәслихат депутаты: Конституцияның ұсынылған жобасы – кең ауқымды қоғамдық талқылаудың бастамасы

Мәслихат депутаты: Конституцияның ұсынылған жобасы – кең ауқымды қоғамдық талқылаудың бастамасы
Фото: Бауыржан Смайылов / facebook.com

Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Смайылов жаңа Конституцияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жақында қоғам назарына Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ұсынылды. Ұсынылып отырған өзгерістер бірден бірнеше маңызды саланы қамтиды. Атап айтқанда, саяси және сайлау жүйесі, Парламент пен мәслихаттардың жұмысы, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаумен бірге өзге де экономикалық негіздер.

Атап айтсақ, Конституция жобасында екі палаталы жүйеден бір палаталы жүйеге көшу ұсынылады. Бұл шешім қабылдау деңгейін 2-ден 1-ге дейін қысқарту дегенді білдіреді. Менің ойымша, бұл заң жобаларын қарау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беріп, айларға созылатын талқылаулардың орнына, шешім анағұрлым қысқа мерзімде қабылданады. Бір палаталы Парламент – бұл ең алдымен, бірыңғай жауапкершілік. Сайлаушылар қандай заңды кім қабылдағанын және нәтижесі кімнен сұралатынын нақты білетін болады», - деді Бауыржан Смайылов.

Сонымен қатар ол жергілікті деңгейдегі депутат ретінде мәслихат депутаттарын сайлау мәселесіне арналған бөлім ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Елде 200-ден астам мәслихат жұмыс істейді және дәл осы органдар халықтың нақты сұранысымен айналысады: ол аула жөндеуден басталып, қалалық қоғамдық көлікті дамытуға дейін жалғасады. Меніңше, мәслихаттың рөлін күшейту және қалыптастыру қағидаттарын жаңарту – шешімді республикалық деңгейде ғана емес, халыққа барынша жақын жағдайда қабылдауға жасалған маңызды қадам.

Сонымен қатар ұсынылып отырған барлық өзгеріс азаматтардың сайлауға қатысуын ресми рәсімнен нақты ықпал ету тетігіне айналдыруға бағытталған. Бүгінде сайлауға миллиондаған сайлаушы қатысады, ал ережелердің ашықтығы билікке деген жалпы сенімге тікелей әсер етеді», - деді депутат.

Шағын және орта бизнес туралы да ерекше атап өткен ол қазіргі таңда бұл салада миллиондаған қазақстандық еңбек ететінін, ал оның экономикаға қосып отырған үлесі 30 пайыздан асатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Астанада шамамен 254 000 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға көп. Олар елорданың экономикалық белсенділігінің елеулі бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Менің ойымша, кәсіпкерлікті қолдау қағидаттарын Конституцияда бекіту тұрақты жұмыс орындарын құруға, салық түсімдерін арттыруға және қала мен ауыл экономикасын дамытуға берік негіз болады.

Сондай-ақ Конституцияның ұсынылған жобасы бұл соңғы нүкте емес, кең ауқымды қоғамдық талқылаудың бастамасы екенін атап өткен жөн. Қазір, әсіресе, жергілікті жердегі халық ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін және олардың алдағы жылдары өміріне қалай әсер ететінін түсінуі аса маңызды. Сондықтан баршаңызды бейжай қалмай, осы талқылауға белсенді қатысуға шақырамын», - деді мәслихат депутаты.

Бұған дейін мәслихат депутаты Қанат Естектің Конституция халық пен билік арасындағы ең жоғары қоғамдық келісім екенін айтқанын жаздық.