Мәслихат депутаты «Астана тазалық» ұжымына Конституцияның жаңа жобасын түсіндірді

Мәслихат депутаты «Астана тазалық» ұжымына Конституцияның жаңа жобасын түсіндірді

Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешов «Астана тазалық» кәсіпорнының еңбек ұжымына Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа Ата заңда адам құқығына басымдық берілгенін айтқан депутат Әділетті Қазақстанда еңбек адамдарының құқығы басты орында болатынын атап өтті.

«Президент былтырғы қыркүйектегі Жолдауында заң шығару кезіндегі кейбір кедергіні жойып, процесс мерзімін қысқарту үшін елімізде бір палаталы Парламент құруды ұсынған болатын. Биылғы Ұлттық құрылтайда парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Жалпы, жаңа Конституция жобасы жарты жылдан бері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жалпы, Ата заңымыз өзінің тарихында бірнеше мәрте трансформациядан өтті. Мысалы, Қазақ КСР кезіндегі Конституцияны егемен елдің тынысына сәйкес жаңарту қажеттілігі туындады. Қазіргі таңда еліміз заманауи бағытқа қадам басып отыр. Бұл - өркениетті елдердің тәжірибесінде бар тенденция», - деді Нұрлан Өтешов. 

Сонымен қатар мәслихат депутаты Конституцияда бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін, ол қазақ тілі екенін атап өтті.
Алдағы уақытта да қазақ тілінің рөлі күшейе түсетінін айтқан ол бүгінде елімізде бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге құрметі зор екенін, әсіресе, әлеуметтік желіде қазақша контент түсіруге ынтасы артып келе жатқанын тілге тиек етті. 
Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаты Құрылтай мен Халық кеңесінің маңыздылығына тоқталды. 


Жиын барысында кәсіпорын қызметкерлері спикері сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Қалымов мәслихат депутатына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, аталған кәсіпорында шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді. «Астана тазалық» ЖШС елорданың негізгі магистральдық көшелері мен оларға іргелес тротуарлардың тазалығына жауап береді.


Бұған дейін «Астана Тазалық» мекемесі қызметкерлеріне коммуналдық пәтерлер бергенін  жаздық