Маңғыстау облысында полицейлер тұрғыннан ірі көлемде «синтетика» тәркіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
18 қарашада Маңғыстау облысында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес қызметі арнайы бөлімше жауынгерлерімен және қызметтік итпен бірлесіп, синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегін анықтады.
Түпқараған ауданы аумағында жүргізілген жедел іс-шара кезінде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Оқиға орнын тексеру барысында альфа-PVP синтетикалық есірткісі салынған бірнеше орамалар және күдіктілер көрсеткен жасырын жерден қосымша түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 279 граммды құрады.
Бұл мөлшер заңнамаға сай аса ірі көлемге жатады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу аясында күдіктілерге қатысты процессуалдық шаралар қабылданды. Күдіктілердің бірі ҚР ҚПК-нің 128-бабы Түпқараған ауданының УҰИ-ға қамауға алынды. Ал екінші күдіктіге келу туралы міндеттеме және елді мекеннен шықпау жөніндегі қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта қажетті жедел-іздестіру және тергеу әрекеттері жүргізілуде.