Маңғыстауда инватакси қызметіне бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған
Маңғыстау облысының прокуратурасы мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарының сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тексеру нәтижесінде Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде заң бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, бөлім басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын өрескел бұзған. Инватакси қызметін көрсету барысында нақты пайдаланылмаған қосымша сағаттар есептеліп, қызмет көрсетушіге негізсіз төлемдер жүргізілген.
«Осының салдарынан мемлекетке 5,3 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Қазіргі уақытта бұл шығынды өтеу бойынша шаралар қабылданды» - делінеді хабарламада.
Прокуратура актісі негізінде уәкілетті органның Әдеп жөніндегі кеңесі бөлім басшысын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, прокуратураның араласуымен Астанада 1 150 ана мен нәрестенің құқықтары қорғалған болатын.