«Контент өндіру жағынан біраз алға жылжу байқалды»: Есен Елеукен 2025 жыл туралы айтты
«Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, елорда тұрғыны Есен Елеукен 2025 жылдың өз өміріндегі, еліміздегі, Астанамыздағы елеулі оқиғаларды атап, 2026 жылға қойған арман-мақсаттары туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, 2025 жылы Қазақша КВН одағы 25 жылдығын атап өтті.
«2025 жыл мен үшін жаңа белестерге дайындық жылы болды. Мен әр күніме, әр жылыма ризамын, жаратқанға тек қана алғысымды білдіремін. Жақсы жаңалықтың жаршысы болып, бәрін көріп жүргеніміздің өзі нығмет. Бұйырса, 2026 жылы біраз тың идеяларымызды іске асыратын боламыз. Өздеріңіз білетін Қазақша КВН одағының 25 жылдығын атап өттік. 25 жылдықтың құрметіне ел аймақтарын аралап, әртүрлі форматта «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырдық», - деді ол.
Есен Елеукен контент өндіру саласында 2026 жылы үлкен даму күтіп тұрғанын айтып, болжам жасады.
«Енді алдағы 2026 жылы әлеуметтік желілер мен жаңа медианы жаңа бағытта дамытатын ойым бар. YouTube бейнехостингіне арнап жаңа жобалар жасайтын боламыз. Оның ішінде, халықаралық жобалар да бар. Бұрын көбіне телеарнаға арнап жобалар жасайтын едік, қазір әлеуметтік желілердің мүмкіндігін көбірек пайдаланғымыз келеді. Боямасыз, монтажсыз бәрін ұсынатын боламыз», - деп жоспарын бөлісті ол.
Сондай-ақ ол еліміз үшін биылғы жыл біраз жақсы жаңалықтар жылы болғанын атап өтті.
«Еліміздің мәдени саласында контент өндіру жағынан біраз алға жылжу, даму бар дер едім. Түрлі бағыттардағы, жаңа форматтағы контент өнімдері жарыққа шығып жатыр. Жастар біраз жақсы дүниелер жасап жатыр, әлі де алға жылжимыз деген ойдамын», - деді Есен Елеукен.
Астана қаласында тұратын мәдениет өкілі биыл елордада көз тартар гүлзар бақтар көбейіп, көлік қозғалысы жағынан жайлы бола түскенін атап өтті.
«Астана жылдан-жылға дамып жатыр, түрлі-түрлі нысандар пайдалануға беріліп жатыр, халық саны артып жатыр. Халық игілігіне пайдалануға берілетін ғимараттарды, үйлерді, қозғалыс құралдарын көбейтіп жатыр. LRT құрылысы аяқталды, жақында іске қосылады, астаналықтарға мұның өзі жайлылық сыйлайды. Мен өзім жаяу жүргенді ұнатамын. Астананың сұлулығын тамашалап, жұмысқа барып келемін. Бас қаламыздың ауа райы да соңғы уақытта жылы болып келеді, самал жел бар. Астанада серуенді ұнататындарға саябақтар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қаланың оң жағалауында да демалатын, дамылдайтын орындар көп. Астана – өте жақсы қала өзім үшін. Әр адам өзімен жұмыс жасап, өсуіне мүмкіндік бар. Астана – әлем алдындағы Қазақстанның бренді. Қазір жасанды интеллектінің, техника мен технологияның заманы. Астана мен үшін, басқалар үшін технология дамуының көрінісін беретін қалалардың бірі болады деп ойлаймын», - деді ол.
«Қазақстан КВН одағы» президенті Есен Елеукен астаналықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебіз білдірді.
«Жаңа жылдағы әрбір сәт пайдалы, қуанышқа бөлейтіндей болсын! Әр күніміз жақсы жаңалыққа толы болсын! Астанамыздың, еліміздің дамуына әрбіріміз үлес қосайық, жауапкершілік алып, жан-жақтан жасайық! Сәбилердің күлкісі көп болсын! Адамдардың арасында түсіністік көп болсын! Астанамыздың көшелерінде күліп жүретін, бақытты адамдар көп болсын!», - деді Есен Елеукен.