Референдум-2026

Көлік министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырды

Бүгін, 10:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Көлік министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырды
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының саны азайып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында республикалық жолдарда 1 371 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға аз. Апаттар санының төмендеуіне қарамастан, осы кезеңде жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы 37%-ға артып, 22,3 миллион көлік құралын құраған.

Жол-көлік оқиғаларын азайтуға ықпал еткен негізгі тетіктердің бірі – жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын ақылы жолдарда енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесі. Соның нәтижесінде аталған учаскелердегі жол апаттарының саны 17%-ға қысқарған.

Соңғы бес жыл ішінде республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолының 45%-ы І және ІІ техникалық санаттарға ауыстырылды. Бұл қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөліп, жолдың жүру бөлігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар транзиттік көліктерді елді мекендерден шығару үшін 65 айналма жол мен 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру аясында республикалық жолдарда жүргізушілерді жолдағы жағдай мен жылдамдық режимі туралы хабардар ететін ақпараттық тақталар мен жол белгілері орнатылған. Бұдан бөлек, 22 ақылы жол учаскесінде жылдамдықты бақылауға арналған 56 лазерлік құрылғы жұмыс істейді. Жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгісі жаңартылып, жол таңбалары сызылып, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады.

Сонымен қатар Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті жазғы демалыс маусымында республикалық жолдарда көлік қозғалысының артуына байланысты жүргізушілерді сақ болуға шақырды. Жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтау, басып озу ережелерін бұзбау, шаршаған күйде көлік басқармау, сондай-ақ балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктері мен арнайы балаларға арналған құрылғыларды міндетті түрде пайдалану ұсынылады.

Талдау нәтижесіне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудан болады. Оның ішінде жылдамдықты асыру – 33%, көлікті басқаруды жоғалту – 14%, арақашықтықты сақтамау – 13%, ал жол белгілерінің талаптарын елемеу 10%-ды құрайды.

Автомобиль жолдары комитеті жолдағы қауіпсіздік ең алдымен әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салып, барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.

Еске салсақ, биыл елордада мас күйде көлік жүргізген мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды.