Көктемгі әскерге шақыру: Қазақстан Қарулы күштері толық жасақталды

Көктемгі әскерге шақыру: Қазақстан Қарулы күштері толық жасақталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биылғы көктемгі шақыру 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Қарулы күштерін, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметін және Төтенше жағдайлар министрлігін жасақтау жоспары толық көлемде орындалған.

Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің дерегіне сәйкес, әскер қатарына жаңадан шақырылғандардың басым бөлігі жас сарбаздар курсын аяқтап үлгерді. Олар жалпыәскери жарғыларды меңгеріп, саптық және атыс дайындығынан өтті, сондай-ақ қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысты. Дайындықтың қорытынды кезеңінде әскери ант беру рәсімі өткізілді.

Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметшілер әскери өмірге бейімделіп, өз міндеттерін орындауға кіріскен. Несие міндеттемелері бар сарбаздар заңнамада көзделген тәртіп бойынша әскери қызмет кезеңінде төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін пайдалануда. Сонымен қатар олардың көпшілігі қызмет аяқталғаннан кейін мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурсқа қатысуды жоспарлап отыр.

Еліміздің барлық өңірінде әкім орынбасарлары жетекшілік ететін қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда негізгі күш Ұлттық ұлан бөлімдерін жасақтауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, бұл құрылымға 7 мыңнан астам жас азамат шақырылады.

Әскерге шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS және eGov порталы арқылы электронды форматта жіберіледі. Хабарлама шақыру күніне кемінде үш күн қалғанда жолданып, ресми шақыру мәртебесіне ие болады. Хабарлама алған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру пунктіне келуге міндетті.

Қорғаныс министрлігі дәлелді себепсіз келмеген азаматтарға әкімшілік жауапкершілік, ал әскери қызметтен жүйелі түрде жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдарының қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат қабылданады.

Бұған дейін әскерге шақыру жүйесі жаңғыртылып, цифрландыру мен сапалы іріктеу басты назарға қойылғаны туралы жазған едік.