Референдум-2026

Кенжехан Матыжанов: Абай мұрасын зерттеу – ғылыми қызметіміздің іргелі бағыты

Бүгін, 11:14
Думан Аманжол Думан Аманжол
Кенжехан Матыжанов: Абай мұрасын зерттеу – ғылыми қызметіміздің іргелі бағыты
Фото: madeniportal.kz

Бүгін Қазақстанда қазақ руханиятында айрықша орны бар Абай күні аталып өтуде. Осыған орай М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Матыжанов ұлы ақынның мұрасы мен оның қазіргі қоғамдағы маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ғалымның айтуынша, Абай күні - ұлы ақынның мұрасын ұлықтап қана қоймай, оның адамзатқа ортақ асыл мұраттарын, терең ойлары мен тағылымын жаңаша зерделейтін маңызды күн. 

«Абай – халқымыздың тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға. Оның шығармалары қазақтың ұлттық санасы мен дүниетанымының дамуына зор ықпал етіп, тұтас ұлттың рухани бағдарын айқындады. Адам болмысы, білім мен еңбек, ар мен әділет, ізгілік пен жауапкершілік туралы ойлары ұлттық шеңберден асып, жалпыадамзаттық құндылықтармен үндесетін мәңгілік мұраға айналды.

Ұлы ойшыл шығармаларында білім мен ғылымды, адал еңбек пен әділетті, ар-ождан мен адамгершілікті адамды кемелдікке бастайтын басты құндылықтар ретінде дәріптеді. Абайдың «толық адам» туралы танымы, ақыл, қайрат пен жүрек үйлесімі жөніндегі терең пайымдары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Ақынның адамды ізгілікке, парасатқа, жауапкершілікке үндейтін тағылымы әр ұрпаққа рухани бағдар болып келеді», - деді ғалым.

Кенжехан Матыжанов сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты үшін Абай мұрасын зерттеу – ғылыми қызметтің іргелі бағыты екенін атап өтті.

«Ұлы Мұхтар Әуезов негізін қалаған абайтану дәстүрін жалғастыру, ақын шығармаларын жаңаша ғылыми пайымдау және оның рухани мұрасын кеңінен насихаттау алдағы уақытта да басты міндеттеріміздің қатарында қала береді.

Абай күні құтты болсын! Ұлы ақынның асыл мұрасы халқымыздың рухани тұтастығын нығайтып, білімге, еңбекке, әділет пен ізгілікке ұмтылған игі істерімізге әрдайым бағдар болсын», - деді ол.