Испанияда Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Бүгін, 14:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Испанияда Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті
Фото: Instagram/@kudaibergenov.dimash

30 мамыр күні Мадрид қаласында Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның испандық жанкүйерлер қауымдастығына арналған Al Compás de Su Voz  деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Dimashnews.com-ға сілтеме жасап.

Жоба әртістің Испаниядағы фан-клубы мен La Gran Voz Kazaja қауымдастығының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылды. Фильмнің режиссері – жас испан кинематографисі Давид Кольянтес Родригес.

Көрсетілім Palacio de Hielo кинотеатрында өтіп, 130-дан астам көрермен жинады. Қонақтар қатарында Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің өкілдері, елші Данат Мұсаев бастаған дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сондай-ақ жас қазақстандық әнші Жанель Әли болды. 

Бұл деректі фильм Испанияда алғаш рет әртістің өзіне ғана емес, оның жанкүйерлер қауымдастығына – Dears өкілдеріне арналған киножоба ретінде жарық көрді. Сюжет желісінің негізінде фан-қоғамдастықтың бес мүшесінің оқиғалары жатыр, олар Димаш шығармашылығымен алғаш танысқан сәттері мен фандомның өз өмірлеріндегі маңызы туралы әңгімелейді.

Фильмді түсіру барысында режиссер Испанияның түрлі өңірлерін аралап, картина кейіпкерлерімен кездесіп, қазақстандық әншінің халықаралық жанкүйерлер қауымдастығы феноменін зерттеді.

Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты – әлемге «Димаш қозғалысы» деп аталатын құбылысты, яғни әртістің әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарына тигізіп отырған мәдени және эмоциялық ықпалын көрсету.

Жақын арада деректі фильм Испаниядағы бірқатар ұлттық кинофестивальде көрсетіледі. Фестиваль  прокаты аяқталған соң, туындыны ашық онлайн-платформаларда жариялау жоспарлануда. Халықаралық аудитория үшін ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдерінде субтитрлер дайындалады.