Ірі қара мал еті экспортын шектеу ұзартылды
2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне ірі қара мал етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Аталған норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін қолданыста болады.
Ірі қара мал етін әкетуге арналған квотаның жалпы көлемі 20 000 тоннаны құрайды.
Бір тұлғаға белгіленетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуаттылығына байланысты мынадай көлемде айқындалады:
бордақылау алаңының қуаттылығы 5 000 (бес мың) бастан бастап — 1 000 (бір мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 10 000 (он мың) бастан бастап — 2 000 (екі мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 15 000 (он бес мың) бастан бастап — 3 000 (үш мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 20 000 (жиырма мың) бастан бастап — 4 000 (төрт мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 50 000 (елу мың) бастан бастап — 10 000 (он мың) тонна.
Квота мал басын пайдалану арқылы ет өндіретін ет өңдеу кәсіпорнының ірі қара мал етіне бөлінеді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейінгі ірі қара мал етін экспорттауды шектеу аясындағы квоталар 3-31 желтоқсан аралығына бекітілген болатын.