Илья Ильин: Біз еліміздің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдадық деп сенемін
Елордадағы Алматы ауданында орналасқан №60 сайлау учаскесінде бүгін танымал спортшы, қазақстандық зілтемірші, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин дауыс берді. Ол референдумға отбасымен бірге келіп, азаматтық ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Белгілі спортшы мұндай маңызды саяси науқаннан шет қалмау әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

«Мен – өз елімнің белсенді азаматымын. Азаматтық маңызы бар шараларға, сайлауға, референдумға әрдайым қатысуға тырысамын. Мен әрдайым қазақстандықтарға бір нәрсені айтамын. Міндетті түрде біреуді қолдап немесе біреуге қарсы болу шарт емес. Бірақ әр адам өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, келіп дауыс беруі керек. Бүгін мен отбасыммен бірге дауыс бердім. Біз еліміздің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдадық деп сенемін», – деді ол.
Спортшының айтуынша, мұндай тарихи сәттерде отбасы мүшелерінің бірге келуі де ерекше маңызға ие.
«Бүгін біз Достық үйінде тұрмыз. Бұл – көпұлтты Қазақстанның болашағы үшін маңызды орын. Біздің мақсатымыз – осы елде әрдайым бейбітшілік пен келісімде өмір сүру. Балаларымыз тоқшылықта, тыныштықта өмір сүрсе екен дейміз, ата-анамыз бізбен мақтанса дейміз. Өйткені біз бұл елді бәріміз бірге құрып жатырмыз. Мен мұнда анаммен, әкеммен, жиеніммен, сүйікті жұбайыммен және кіші қызыммен келдім. Үлкен қызым әлі кәмелет жасына толмаған, сондықтан дауыс бермейді. Қысқасы, бүгін біз осында бүкіл отбасымызбен келдік. Мұндай маңызды сәттерге әрдайым бірге қатысуға тырысамыз», – деді Илья Ильин.
Сайлау учаскесінің қызметкерлері Илья Ильинді қарсы алып, оның азаматтық белсенділігін атап өтіп, сыйлық та табыс етті. Бұл сәт спортшы үшін жылы естелікке айналып, дауыс беруге келген қатысушылардың көңілін одан әрі көтерді.
Осылайша, №60 сайлау учаскесінде дауыс беру барысы белсенді өтіп, тұрғындар ел болашағына қатысты өз таңдауларын жасап жатыр.