Гвардейск гарнизонында 600-ден астам сарбаз ант берді

3 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Гвардейск гарнизонында 600-ден астам сарбаз ант берді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу орталығында 620 мерзімді әскери қызметшінің әскери ант қабылдауына арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Гвардейск гарнизонының бастығы, әскери прокуратура мен әскери полиция өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген оқу орталығының командирі гвардия полковнигі Мақсат Тұрапбаев жас әскери қызметшілер алты ай бойы оқудан өтетінін атап өтті.

«Біздің орталықта оқыту арнайы жабдықталған оқу корпустарында ұйымдастырылған. Сарбаздар жүйелі даярлықтан өтіп, ұрыс машиналарының операторы, жүк және жер қазу машиналарының механик-жүргізушісі, көп мақсатты жеңіл брондалған тартқыштың маманы, аспаз және басқа да әскери-есептік мамандықтарды меңгереді», - деді ол.

Оқу орталығының заманауи материалдық-техникалық базасы әскери қызметшілерге алдағы қызметіне қажетті берік кәсіби білім мен тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

«Бүгін мен үшін шын мәнінде ұмытылмас күн. Өмірімдегі жауапты сәтті ата-анаммен бірге бөлісуге мүмкіндік туды. Олардың үмітін ақтап, командирлердің сеніміне лайық болуға тырысамын», - деді сарбаз Мейрам Қасым.

Оқуды аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер Құрлық әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне әрі қарай қызмет өткеру үшін жіберіледі. Сарбаздарды бөлу олардың дайындық деңгейі, меңгерген мамандықтары, сондай-ақ әскердің өзекті міндеттері мен қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Бұған дейін Астанада шығармашылық взводтың сарбаздары ант қабылдағанын жаздық.