Астанада шығармашылық взводтың сарбаздары ант қабылдады

Бүгін, 18:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада шығармашылық взводтың сарбаздары ант қабылдады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Астанада биыл күзде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық взводына шақырылған әскери қызметшілердің әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Әскери қызметтің алғашқы айында жаңа келген жауынгерлер жас сарбаз курсынан өтіп, жалпыәскери жарғыларды, саптық, дене және атыс даярлығының негіздерін меңгеріп, алғашқы атыс жаттығуын іс жүзінде орындады.

Өмірлеріндегі жауапты сәтпен сарбаздарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асенов құттықтады. Сарбаздардың ата-аналарына балаларының армияның мәдени өмірінің жүрегі саналатын шығармашылық бөлімшеге түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, бір жыл ішінде сарбаздар Қарулы күштердің әскери-мәдени қызметіне белсенді араласып, оған қоса әскери істің негіздерін меңгеріп, жауапты әрі тәртіпті азамат болып қалыптасады. Қызмет аяқталған соң, келісімшартқа отырып, шығармашылық қызметін жалғастыру мүмкіндігі бар.

Жаңадан келген сарбаздардың бірі – қатардағы Әділ Жұмағұл. Ол «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетін «хорды дирижерлеу» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол шығармашылық взводқа түскеніне қуанышты екенін айтты, себебі музыкамен айналысу – өмірлік таңдауы. Әскери қызмет сүйікті ісімен айналысуға, кәсіби шеберлігін дамытуға және болашақта әскери оркестрмен тағдырын байланыстыруға мүмкіндік береді.

Сарбаздардың өміріндегі маңызды сәтті бөлісу үшін олардың туыстары да келді. Қатардағы Абылайхан Сәрсембаевтың әжесі Гүлбану Бекешева немересінің мерзімді әскери қызметті саналы түрде таңдағанын айтты. Ол әскерге дейін Astana IT University университетін «цифрлық журналистика» мамандығы бойынша аяқтаған. Әжесінің айтуынша, әскер қатары оны шыңдап, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Салтанатты шараның соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Айта кетейік, шығармашылық қабілеті бар жастарға арналған бөлімше Қарулы күштер құрамында 2023 жылы құрылып, әскери қызметті олардың таланттары мен кәсіби құзыреттерін дамытуға тиімді үйлестіруге бағытталған.