Гонконг Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды экономикалық хаб деп атады
Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконг арнайы әкімшілік аймағының Басшысы Джон Лимен және жергілікті іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Гонконгтың халықаралық сауда жүйесіндегі стратегиялық рөліне тоқталды. Гонконг Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші қаржы, сауда және логистика орталықтарының бірі болса, Қазақстан Орталық Азияға, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне және Еуропаға шығатын маңызды өңірлік хаб ретінде қарастырылады.
Арман Шаққалиев Қазақстанның Гонконгпен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға мүдделі екенін айтты.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрады. Біз Гонконг нарығына жеткізілетін қазақстандық өнімдердің көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарлары да кіреді», – деді министр.
Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі алтын саудасы, биржалық инфрақұрылым және қаржылық қызметтер саласындағы ынтымақтастық болды. Өз кезегінде Джон Ли Гонконгта халықаралық алтын саудасы орталығын құру жоспары туралы айтып, Қазақстанның әлемдік бағалы металдар нарығында маңызды орын ала алатынын атап өтті.
Тараптар сондай-ақ іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту, сауда өкілдіктерінің жұмысын кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Гонконг жақын арада бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті. Құжат аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасында кездесулер өткізу және перспективалы инвестициялық жобаларды пысықтау көзделіп отыр.
Бұған дейін Президенттің Гонконг Әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездескенін жазған болатынбыз.