Ғасыр жасаған кейуана референдумда дауыс берді
«Байқоңыр» ауданындағы ең қарт тұрғынның бірі – 102 жастағы Анна Григорьевна Дегтярева референдум күні өз дауысын берді. Осыған орай аудан әкімі Талғат Рахманберді кейуананың үйіне арнайы барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында аудан басшысы қарияға гүл шоғын табыстады. Бұл – оның ұзақ ғұмырына, өмірлік тәжірибесіне және белсенді азаматтық ұстанымына көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Референдумға қатысуы үшін арнайы дауыс беру жәшігі кейуананың үйіне жеткізілді. Анна Григорьевна өз таңдауын жасап, азаматтық міндетін орындады.

Аудан әкімі кейуанаға жылы лебізін білдірді.
«Сізге тек жақсылық, бақыт және зор денсаулық тілейміз. Біз сізбен мақтанамыз. Референдумға қатысып, белсенділік танытқаныңыз үшін алғыс айтамыз», – деді ол.
Өз кезегінде Анна Григорьевна елге амандық тіледі.
«Елімізде тыныштық пен бейбітшілік болсын. Қазақстан халқы аман болсын», – деді ғасыр жасаған кейуана.
Осылайша, ауданның ең егде тұрғыны саналатын Анна Дегтярева референдумға қатысып, жас ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.