Гаагада Қазақстанның конституциялық жаңғыруы жөніндегі сараптамалық диалог өтті

Бүгін, 14:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Гаагада Қазақстанның конституциялық жаңғыруы жөніндегі сараптамалық диалог өтті
Фото: ҚР СІМ

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды халықаралық ақпараттық-талдамалық деңгейде сүйемелдеу аясында Қазақстанның Нидерландтағы елшісі Ақан Рахметуллин LINKS Europe Foundation қорының директоры әрі тәуелсіз талдамалық commonspace.eu порталының бас редакторы Деннис Саммутпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының тұжырымдамалық негіздері, саяси жүйені институционалдық трансформациялаудың логикасы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың стратегиялық параметрлері жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінің негізгі қағидаттарына, сондай-ақ Президенттің Turkistan газетіне берген сұхбатында айқындалған стратегиялық басымдықтарға ерекше назар аударылды.

Д. Саммут Қазақстанның дамуын көптеген жылдар бойы мұқият қадағалап келе жатқанын атап өтті. Ол елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүйелілігі мен тереңдігін жоғары бағалады. Оның пікірінше, Қазақстан институционалдық тұрғыдан орнықты әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде қалыптасып, Орталық Азия өңірінде конструктивті әрі тұрақтандырушы рөл атқарып отыр. Сонымен қатар елдің көпвекторлы сыртқы саясат стратегиясының маңыздылығы және жаһандық қауіпсіздік пен даму архитектурасындағы өзгерістерге бейімделу қабілеті ерекше атап өтілді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыртудың жаңа кезеңін қалыптастырудағы рөліне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сарапшылық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және талдамалық диалогты кеңейтуге өзара мүдделілік білдірді.