Этносаралық қатынасты дамыту: инфрақұрылым мен бастамалар күшейтілуде
Қазақстанда этносаралық қатынастарды нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осы бағытта 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-нан астам түрлі қоғамдық құрылым жұмыс істеп жатыр.
«Аталған ұйымдардың қатарында волонтерлік және жастар ұйымдары, медиация институттары, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Бұл бастамаларды қолдау мақсатында инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде», делінеде хабарламада.
Мысалы, 2026 жылы Қызылорда қаласында жаңа Достық үйі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда республика бойынша 36 Достық үйі жұмыс істейді. Бұл орталықтарда этномәдени бірлестіктердің толыққанды қызмет етуіне барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Алғыс айту күні аясында ел көлемінде 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Алғыс эстафетасы», салтанатты жиындар мен қайырымдылық акциялары бар. Ауқымды шаралардың бірі – Бейбітшілік және келісім сарайында өткен республикалық форум.
«Этномәдени бірлестіктер «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыруға да белсенді атсалысып келеді. Олардың 300 мыңнан астам өкілі еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық акциялар мен іс-шараларға тұрақты негізде қатысады», деп хабарлады ведомтвода.
Еске салсақ, еліміздің әр өңірінде 30 бұлақтың көзі аршылып, айналасы тазартылғанын жазғанбыз.