Есіл өзенінің бойына ұзындығы 80 шақырым ірі су қоймасы салынады

Есіл өзенінің бойына ұзындығы 80 шақырым ірі су қоймасы салынады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Есіл өзені бойында болатын контррегуляторын салудың негізгі кезеңдері талқыланды. Жобаны Азия даму банкі қаржылық қолдауымен жүзеге асыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов және Азия даму банкі өкілі Мари Л’Хостис қатысып, болашақ гидротехникалық құрылыстың нақты параметрлері таныстырылды. 2025 жылдың күзінде мемлекеттік сараптамадан өткен стратегиялық маңызды жоба елдің су саласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген.

«Жобалық сыйымдылығы 873 миллион текше метр, ұзындығы 80 шақырымға дейін жететін ірі су қоймасы секундына 4,6 мың текше метрден астам су өткізе алады. Есіл ауданы мен Жарқайың ауданы аумақтарында орналасатын нысан  2027–2028 жылдарға жоспарланған. Жоба тасқын кезіндегі шекті жүктемені екі есеге азайту, сондай-ақ Сергеев су қоймасы мен Петропавл су қоймасы тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жоба жергілікті гидроэнергетиканы дамытуға негіз қалайды және 25 мың гектарға дейінгі суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді», делінген әкімдіктің хабарламасында.

Кездесу барысында сарапшылар мен министрлік өкілдері аумақтарды аралау нәтижесіне ерекше назар аударды.

«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан Есіл контррегуляторын салуға барлық материал ұсынылды. Бұл нысан өңірдің дамуына және су ресурстарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосады деп сенемін», - деді Мұрат Балпан.

Өз кезегінде Азия даму банкі өкілдері бұл бастаманы қолдауға мүдделі екенін білдіріп, оның Есіл өзені алабының тұрақты дамуы үшін экологиялық әрі әлеуметтік маңызын атап өтті.

Еске сала кетсек, Шу өзені арқылы Түркістан облысына 1 млрд текше метрге жуық су жіберілді.