Референдум-2026

Ерлан Исмағұлов: Ұжымдық шарт – өзара іс-қимылдың құқықтық негізі

Ерлан Исмағұлов: Ұжымдық шарт – өзара іс-қимылдың құқықтық негізі
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Еңбек саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек жанжалдарының алдын алу. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы сындарлы диалог әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды шарты екенін бірнеше рет атап өткен. Осыған байланысты ұжымдық шарттың маңызы арта түсуде. Ол еңбек қатынастарын реттеудің тиімді құралы болып табылады және тараптардың құқықтары мен міндеттерін алдын ала айқындауға, еңбек дауларының туындау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұжымдық шарт: өзара іс-қимылдың құқықтық негізі

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабының 79-тармағына сәйкес, ұжымдық шарт – жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өкілдері арасында ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін жазбаша келісім.

Еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес, еңбек қатынастары тек заңнамамен ғана емес, ұжымдық шарттармен де реттеледі. Бұл ретте ұжымдық шарттың ережелері жұмыскерлердің жағдайын еңбек заңнамасының нормаларымен салыстырғанда нашарлатпауы тиіс.

Ұжымдық шарт жасасудың құқықтық негіздері ҚР Еңбек кодексінің 156 және 157-баптарында айқындалған. Онда еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен тынығу режимі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ қабылданған міндеттемелердің орындалуын бақылау мәселелері реттелуі мүмкін. Сауатты әзірленген ұжымдық шарт әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және еңбек жанжалдарының алдын алуға ықпал етеді.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу тәжірибеде

Мемлекеттік еңбек инспекциясының деректеріне сәйкес, жұмыскерлердің өтініштерінде ең жиі кездесетін мәселелер – еңбекақы төлеу, еңбек жағдайларын өзгерту, жұмыс уақыты режимі, демалыс беру және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы. Көптеген жағдайда мұндай даулардың сапалы ұжымдық шарт болған жағдайда алдын алуға болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 158-бабына сәйкес, ұжымдық шарт оған барлық тараптар қол қойған сәттен бастап орындалуға міндетті.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы ұжымдық-шарттық реттеуді дамытуға ерекше назар аударады. Осы бағытта профилактикалық бақылау, жұмыс берушілерге консультациялық көмек көрсету және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, жұмыс берушілердің біріне жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында ұжымдық шартта көзделген көшпелі сипаттағы жұмыскерлерге өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалмағаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама берілді.

Әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды тетігі

Ұжымдық шарт Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде бекітілген әлеуметтік әріптестік қағидаттарын іске асырудың маңызды тетігі болып табылады. Оны тиімді қолдану жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Ұжымдық-шарттық реттеу мәдениетін дамыту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ еңбек заңнамасы бұзушылықтарының алдын алу мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.