Жанар Ермұхамбетова: Президенттің ЖИ енгізу бастамасы орта білім жүйесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды шешім
Президенттің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлығы — болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Астана қаласы әкімдігі №109 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Жанар Ермұхамбетова осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Директордың пайымдауынша, қазіргі таңда мектеп тек білім беретін орын ғана емес, баланы заманауи технологиямен қатар дамуға, жаңаша ойлауға үйрететін ортаға айналуы қажет.
«Бүгінгі балалар — цифрлық дәуірдің балалары. Сондықтан білім беру жүйесі де уақытпен бірге жаңарып, оқушыларды болашақтың талаптарына бейімдеуі керек. Жасанды интеллектіні білім саласына енгізу — осы жолдағы үлкен мүмкіндік әрі жаңа кезеңнің бастауы.
Мектебімізде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Робототехника, STEM, цифрлық білім беру жобалары енгізіліп, оқушылардың функционалдық және цифрлық сауаттылығын дамытуға ерекше назар аударылады. Соның бір дәлелі —оқушылардың құрастырып жасаған жобасы «Одиссей» роботы, білім беру үрдісіне көмекші. Бұл жоба оқушылардың технологияға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың зерттеушілік, коммуникациялық және креативті ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр», - деді Жанар Ермұхамбетова.
Мектеп басшысының айтуынша, білім мекемесінде деректерге негізделген басқару, AI құралдарын қолдану, цифрлық аналитика және халықаралық білім беру жобалары кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Ол жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, білім сапасын арттыруға көмектесетін тиімді серіктес болуы керек деп есептейтінін жеткізді.