Енді алаяқтар «1414» нөмірінен азаматтарға SMS жібере алмайды – Бас прокуратура

Бүгін, 12:05
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Енді алаяқтар «1414» нөмірінен азаматтарға SMS жібере алмайды – Бас прокуратура
Фото: freepik.com

Енді «1414» нөмірінен SMS жібергісі келетін мемлекеттік органдардың өкілі өзінің жеке басын FaceID, электрондық цифрлық қолтаңба, QR-код арқылы растау қажет. Бұл қызметтерге қосылмаған жүйелер  «1414» нөмірінен хат жібере алмайды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Алаяқтардың халықты алдау  әдістері қиындауда, бірақ негізгі схема өзгеріссіз қалып отыр. Олар алдымен қандай да бір мемлекеттік органдардың, банктердің немесе курьерлік қызметтердің қызметкерлері атынан, келесі қоңырауды ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласып, артынша телефонға келген код арқылы азаматтардың жеке есеп шотындағы қаржысын алады болмаса олардың атына несие рәсімдеуге тырысады», - деп жазылған ақпаратта.

Бас прокуратура ескертеді:

- мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайды;

- ақша аудару үшін «қауіпсіз шоттар» жоқ;

- күдікті қоңыраулар кезінде абай болыңыз, деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;

- күмән туындаған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласыңыз;

- кибергигиена ережелерін сақтаңыз: тек ресми қосымшалар мен қызметтерді қолданыңыз, сілтемелер мен хабарламаларды тексеріңіз.

Бұған дейін елордада 92 мың студент пен оқушы ойын арқылы алаяқтардан сақтанудың жолын үйренгенін жаздық.