Құтқарушылар елорда тұрғындарының Есіл өзені мен Ботаникалық бақтағы су қоймаларындағы мұзға шығып кетулеріне байланысты ескерту жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астанада Есіл өзенінде және Ботаникалық бақтағы су қоймасындағы мұздың қалыңдығы қазір 2 см ғана, кей жерлерде тіпті қатпаған. Бұл қалыңдық адам салмағын көтере алмайды. Мұз қауіпсіз болуы үшін оның қалыңдығы 10 см-ден аз болмауы қажет», - делінген хабарламада.
Осы ретте ТЖМ мұздың қалыңдығына көз жеткізбей оған шығуға болмайтынын, балаларды ешқашан бақылаусыз мұз үстіне жібермеу қажеттігін ескертті.
«Қатпаған мұздың үстіне шығу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412 бабы бойынша шара қолданылатынын хабарлаймыз! Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыздар!» - делінген ТЖМ ескертуінде.