Референдум-2026

Елордалық полиция танысына спорттық дәреже алып беремін деп алдаған күдіктіні ұстады

Бүгін, 10:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық полиция танысына спорттық дәреже алып беремін деп алдаған күдіктіні ұстады
Фото: Астана қаласы ПД

Астанада полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 42 жастағы ер адамды анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті ортақ танысы арқылы жәбірленушінің сеніміне кіріп, оған шахматтан спорттық разряд алуға көмектесетінін айтқан. Көрсететін «қызметі» үшін ол 1,5 миллион теңге талап еткен.
Ақшаны алғаннан кейін күдікті мәселенің шешілу сатысында екенін айтып, уақыт өте түрлі сылтаумен жәбірленушіден қосымша тағы 300 мың теңге сұраған.

Қолына ақша түскен соң, ол ұзақ уақыт бойы түрлі уәделер беріп, кейін мүлде байланысқа шықпай қойған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол полиция қызметкерлерімен басқа қалада ұсталып, Астанаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада. 

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Жеке байланыстары арқылы мәселені шешіп беремін немесе белгілі бір қызметтер мен құжаттарды алуға кепілдік беремін деп уәде беретін адамдарға сеніп, ақша бермеңіз. Ресми қызметтерді тек заңда белгіленген тәртіппен алыңыз.

Еске салайық, бұған дейін елорда полицейлері жоғалған бүлдіршінді жедел тауып, ата-анасына тапсырғаны туралы жаздық.