Елордалық кәсіпкерлерге Салық кодексінің практикалық қолдану тәртібі түсіндірілді

Елордалық кәсіпкерлерге Салық кодексінің практикалық қолдану тәртібі түсіндірілді
Фото: Жансая Таңырқұл

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Байқоңыр ауданының прокуратурасы мен Мемлекеттік кірістер басқармасы Астанада жаңа Салық кодексіне қатысты түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара түсіндіру-профилактикалық сипатына ие және халық пен кәсіпкерлік субъектілерін салық заңнамасындағы негізгі өзгерістер туралы хабардар етуге, сондай-ақ оның талаптарын бірізді түсінуді қалыптастыруға бағытталған.

Кезекті кездесу «Астаналық» сауда орталығының аумағында өтті. Уәкілетті органдардың өкілдері жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін және оны практикалық қолдану тәртібін түсіндірді.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Байқоңыр ауданы прокуратурасының бастамасы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы және аудан әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлік субъектілерін Салық кодексінің жаңа ережелері туралы ақпараттандыруға бағытталған түсіндіру-профилактикалық іс-шара өткізіп отырмыз. Кездесулерді өткізу үшін шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланған сауда орталықтары, базарлар мен бизнес-орталықтар әдейі таңдалды», – деді Байқоңыр ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қазбекби Берғалиұлы.

Оның айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – алдын алу шараларын қабылдау және құқық қолдану тәжірибесін дұрыс қалыптастыру. Іс-шара 100-ден астам кәсіпкерді қамтыды.

«Салық заңнамасындағы жаңа нормаларды кәсіпкерлерге дер кезінде жеткізу маңызды, бұл болашақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Біз негізгі өзгерістерді, оларды қолдану тәртібін түсіндіріп, сұрақтарға жауап береміз. Кәсіпкерлерде нормативтік құжаттардың үлкен көлемін зерделеуге уақыт жетіспейді, сондықтан түсіндіру жұмысының түрлі форматын қолданамыз. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары және жеке кездесулер бар», – деді прокурор.

Мұндай кездесулер ашық диалог форматында өтіп, кәсіпкерлерге қажетті кеңесті қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді.