Елордалық грек-рим балуандары ел чемпионатында екі қола медаль еншіледі

Бүгін, 12:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық грек-рим балуандары ел чемпионатында екі қола медаль еншіледі
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Астанада күрес түрлерінен жасөспірімдер (U17) және жастар (U20) санатында өтіп жатқан Қазақстан Республикасы чемпионатының алғашқы күнінде грек-рим күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Ел чемпионатының алғашқы жарыс күнінде бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шығып, өзара мықтыны анықтады. Чемпионат қорытындысы бойынша елордалық балуандар екі қола медаль жеңіп алды. Жасөспірімдер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сұлтан Мәулітқанов пен жастар арасында 87 келіде белдескен Қайсар Қайрат тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.

Біріншілікке еліміздің барлық өңірінен 1 200-ден астам жас балуан қатысуда. Бұл – жас спортшылар үшін өз шеберліктерін дәлелдеп, үлкен спортқа жол ашатын маңызды дода. Әр салмақ дәрежесінде топ жарған спортшылар Қазақстан құрамасының сапына қосылып, халықаралық және ресми чемпионаттарда ел намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, ел біріншілігі алдағы күндері әйелдер күресі мен еркін күрес бәсекелерімен жалғасады. Қазақстан чемпионаты Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені ғимаратында өтуде.

Еске салсақ, қазақстандық конькимен жүгіруші Кристина Шумекова екі дүркін әлем чемпионы атанды.