Елордадан бір түнде 63 мың текше метрден астам қар шығарылды

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордадан бір түнде 63 мың текше метрден астам қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызметтер күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеп келеді. Күн сайын қар күреу жұмысына мыңдаған техника мен жол жұмысшысы жұмылдырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткен түнде қар полигондарына 3 820 ауыр жүк көлігі рейсімен елордадан 63 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.

11 ақпан күні таңғы уақыттан бастап қалада қар мен мұздан тазарту жұмысына 2 000-ға жуық арнайы техника және 3 078 жол жұмысшысы тартылды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 316 402 рейспен 4,5 млн текше метрден аса қар шығарылған.

«Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс», - делінген хабарламада.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.