Елордадағы мектепте балалар сурет көрмесі өтті

Елордадағы мектепте балалар сурет көрмесі өтті
Фото: №80 мектеп-гимназиясы

Астанада Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында «Есірткісіз жарқын болашақ» тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бағдарлама мектептің «Балдәурен» хор ұжымының орындауындағы әнмен ашылды. Сонымен қатар, мектептің өзін-өзі басқару ұйымы дайындаған «Есірткіге жол жоқ» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды.

Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу. Көрмеге қойылған оқушылардың шығармасында олардың болашаққа деген көзқарасы, арман-мақсаты және есірткіге қарсы азаматтық ұстанымы бейнеленген.

Оқушылар көрмеге қойылған өз суретін таныстырып, ой-пікірімен бөлісті. Шараның маңызды бөлігінің бірі – «Қолтаңба қабырғасы» акциясы болды. Оған қатысушылар «Мен есірткісіз өмірді таңдаймын!» деген ұстанымды қолдай отырып, арнайы баннерге түрлі-түсті алақан ізін қалдырды.

Шараның қорытындысында көрмеге қойылған үздік жұмыстар марапатталды.