Елордада жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік әділеттілік мәселелері талқыланды
Астанада «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Орталық аппаратының кеңсесінде «Әлеуметтік әділеттілік – конституциялық реформаның басты қағидаты» тақырыбында сарапшылық талқылау өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара еліміздің жаңа Конституциясы жобасын қоғамдық талқылау шеңберінде ұйымдастырылды.
«Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырып отырған бүгінгі талқылаудың маңызы ерекше. Біздің партияның басты мақсаты – қарапайым еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Біз үшін мемлекеттің басты құндылығы – адам, оның еңбегі мен абыройы.
Референдумға ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы партиямыздың ұстанымымен үндесіп отыр. Атап айтқанда, құжатта әлеуметтік мемлекет қағидатын күшейту, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері көрініс тапқан. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам», - деді «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Орталық аппаратының талдау және халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Сұлтанбек Құдабай.
Талқылаудың өзегі ретінде ҚР жаңа Конституциясы жобасындағы әлеуметтік әділеттілік қағидатының орны мен маңызы, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық кепілдіктері және олардың нормативтік бекітілуі, қазіргі жағдайда мемлекет пен азаматтардың құқықтары мен міндеттері арасындағы тепе-теңдік, білім алуға, денсаулық сақтауға, еңбекке және әлеуметтік қорғауға қолжетімділікті тең қамтамасыз ету, әлеуметтік теңсіздікті төмендету және қоғамдық ынтымақтастықты нығайту мәселелері көтерілді.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік әділеттілік қағидатының орны мен маңызына тоқталды.
«Жаңа Ата заң жобасында әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктердің айқын әрі нақты көрініс табуы еліміздің даму бағдарының дұрыс бағытта екенін көрсетеді.
Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол мемлекет пен азаматтың арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген әлеуметтік келісімшарт. Мемлекет әр азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға, еңбек етуіне, білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасауға міндеттенеді. Ал азамат өз кезегінде елдің өркендеуіне адал еңбегімен, заңға құрметімен және белсенді азаматтық ұстанымымен үлес қосады.
Бүгінгі таңда қоғам үшін ең өзекті мәселе – әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Сондықтан жаңа Конституцияда еңбек адамының құқығын қорғау, әділ еңбекақы төлеу қағидатын бекіту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, жастардың мүмкіндігін кеңейту және зейнеткерлердің лайықты өмір сүруіне кепілдік беру мәселелері басымдыққа ие болуы заңды», - дейді заңгер және құқықтық кеңесші Азамат Рамазан.
Сарапшылар мен қоғам белсенділері конституциялық реформа аясында әлеуметтік мемлекеттің негіздерін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін қарастырды.
