Елордада қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 9 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Жаз мезгілінде елорда тұрғындары мен қонақтары коммуналдық жағажайлар мен басқа да жаппай демалыс орындарында уақыттарын белсенді өткізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Соңғы уақытта Көктал ауданындағы коммуналдық жағажайда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деректері жиілеген. Мұндай заң бұзушылықтар қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келіп қана қоймай, айналадағы адамдарға қолайсыз жағдай туғызады. Полиция қызметкерлері аумақты бейнебақылау камераларының көмегімен қоса алғанда, тұрақты бақылауда ұстайды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, делінеді хабарламада.
Мәселен, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін полиция қызметкерлері 55 жастағы ер адамды анықтап, әкімшілік жауапқа тартты.
Жыл басынан бері елордада алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтынғаны және қоғамдық орындарға мас күйде келгені үшін 9 мыңнан астам азамат заң аясында жауапқа тартылды.
Осы орайда Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын еске салды. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларды құрметтеп, жайлы әрі қауіпсіз демалыс әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін есте ұстауға шақырды.