Елордада Президенттік орталықта Конституциялық реформаға арналған халықаралық конференция өтті
ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Конституциялық реформа: гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтарға жаңа көзқарастар» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатарынан барлығы 60 адам қатысты.
Конференция мемлекеттің конституциялық жаңғыруы жағдайында гендерлік саясаттың негізгі бағыты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылауға арналған кәсіби алаң болмақ.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат еліміз ауқымды конституциялық реформаның табалдырығында тұрғанын атап өтті.
«Елдің жаңа Ата заңы жобасы аясында қарастырылып отырған ең маңызды мәселелердің бірі – гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат. Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдікті нығайтуға және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жоюға бағытталған бірқатар нақты әрі жүйелі шара қабылданды», деді ол.
Бақытжан Темірболаттың пікірінше, елімізде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы және басқа да ұйымдардан тұратын қоғамдық ұйымдардың дамыған желісі бар.

«Біз Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында бас қосып отырғанымыздың өзі терең символдық мәнге ие. Бұл күн гендерлік қатынастар саласындағы бір ғасырдан астам уақыт бұрын болған шынайы серпілісті білдіреді. Қазіргі Қазақстан жағдайында біз гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру бағытында одан әрі нақты қадамдар жасауымыз қажет», - деді ол.
БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы, Қазақстандағы БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының елдік өкілдігінің өкілі Гюрэс Джерен Гювен гендерлік теңдік инклюзивті және орнықты дамудың негізгі элементі болып қала беретініне тоқталды.
«Саяси контекстің өзгеруі, демографиялық үдерістер мен климаттың өзгеруі жаңашындықтарды қалыптастырып, бір жағынан мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан сақталып отырған теңсіздіктерді айқындай түсуде. Осындай жағдайда конституциялық жаңғырту негізгі құқықтарды растауға, институционалдық кепілдіктерді нығайтуға және гендерлік теңдіктің ұлттық даму басымдықтарының ажырамас бөлігі болып қалуын қамтамасыз етуге маңызды серпін береді. Конституциялық реформа мемлекеттік басқару мен құқықтық жүйелерде кепілдіктерді күшейтудің құқықтық негізін қалыптастырады», – деді Гюрэс Джерен Гювен.
Отырыс барысында тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, отбасы, ана мен баланы қорғауға бағытталған жаңартылған конституциялық тәсілдерге талдау жасалды. Мемлекеттік органдардың, сараптамалық қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың өкілдері озық тәжірибелермен, зерттеулермен және деректермен алмасып, пікірталасты жаңа идеялар мен көзқарастармен байытты.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың пікірінше, конституциялық реформа – бұл заң мәтінін өзгерту ғана емес, халықтың өмір сүру философиясын және мемлекет пен азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісімді айқындайтын үдеріс. Қазіргі гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтар тақырыбы – сырттан енген үрдіс емес, тарихи тәжірибемізбен үндес бағыт.
«Соңғы жылдары қазақстандық қоғам ауқымды өзгерістерді бастан өткеруде: цифрландыру, еңбек нарығының трансформациясы, урбанизация, жастардың дүниетанымының жаңаруы. Осындай жағдайда отбасы институтының рөлі мен оны нығайтудың маңызы арта түсуде. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әйелдердің саясат пен экономикаға қатысуы артқан сайын әлеуметтік саясаттың сапасы да жоғарылайды. Қазақ қоғамында әйел әрдайым маңызды рөл атқарған – ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ел тағдырына жауапты тұлға. Сондықтан гендерлік саясатты ұлттық дәстүрлерге қарсы құбылыс ретінде емес, қазақ мәдениетінің заманауи жалғасы ретінде қарастыру қажет», – деді депутат.
Өз кезегінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының негізін қалаушы Азиза Шөжeева Конституцияның жаңа редакциясында азаматтардың дербес деректерін қорғау, цифрлық ортадағы жеке өмірге қолсұқпаушылық, хат-хабар алмасу және банк құпиясын сақтау құқықтары тікелей бекітілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова, тележүргізуші Майя Бекбаева, Астана қаласы прокуратурасы басшысы Айжан Аймағанова, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының (APEMS) ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева, қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сәния Ирсалиева, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Лариса Ли, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова сөз сөйледі.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар гендерлік саясатты дамытудың басым бағыттарын айқындап, заманауи әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістер жағдайында отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттар инклюзивті және орнықты қоғам қалыптастыруға негізделген.