Елордада медицина мекемесінде жаңа Конституция жобасы кеңінен түсіндірілді
Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Қалалық көпсалалы фтизиопульмонология және ішкі аурулар орталығында Amanat партиясының өкілдері Айсұлу Мақашева мен Бибігүл Ысқақованың қатысуымен референдум бойынша түсіндіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құжаттың негізгі ережелеріне, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясын құру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында преамбуладағы мемлекеттің негізгі құндылықтары, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүддесіне қатысты 27-баптың нормалары түсіндірілді. Сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарының негізі болып табылатын заң мен тәртіпті нығайту мәселелері де айтылды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, пікір алмасты.