Елордада конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті
Астана қаласындағы «Еңбек мобильділігі орталығы» мемлекеттік мекемесінде конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Башимов қатысып, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталды.
«Конституцияда жазылған барлық принцип ең алдымен адам құқығын басты назарға алып жасалған. Оның ішінде халықаралық конвенциялардың, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы құжаттардың, еуропалық конвенциялардың негізгі қағидаттары көрініс тапқан. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқықтық кеңістіктегі орнының нығаюы», – деді депутат.
Спикердің айтуынша, қазіргі реформалар «кешенді саяси реформа» ретінде жүзеге асырылып жатыр. Жеке, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтардың барлығы өз орнын тапқан. Әсіресе, жеке тұлғалардың құқықтары саласында жеке деректерді қорғау мәселесіне ерекше мән берілген.
«Жұмысшылардың қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы, еңбек жағдайының жақсаруы – Конституцияда бекітілген маңызды бағыттардың бірі. Принциптер Конституцияда жазылады, ал кейін сол негізде заңдар қабылданып, нақты тетіктер іске асады. Басты мақсат – қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау. Құқықтық мемлекетте заң үстемдігі бірінші орында тұрады, ал заң үстемдігі дегеніміз – азаматтардың құқықтарының қорғалуы», – деп түйіндеді Марат Башимов.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, реформалардың мазмұны мен маңызы кеңінен түсіндірілді.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ