Елордада экологиялық рейд: 54 заңсыз қоқыс орны анықталды
Астанада экологиялық ахуалды жақсарту және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Осы мақсатта бүгін «Нұра» ауданы әкімдігімен бірлесе отырып Экология департаменті кезекті рейдтік іс-шараларын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жалпы, 8–22 сәуір аралығында Астана қаласының алты ауданын қамтитын ауқымды рейд ұйымдастырылған. Іс-шараға экология департаменті, қоршаған ортаны қорғау басқармасы, полиция департаменті және аудан әкімдіктері жұмылдырылып, қала аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Рейд барысында анықталған заңсыз қоқыс орындары бойынша нақты шаралар қабылданды.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік экологиялық инспекторы Шолпанай Тұрсынқұлдың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесін беруде.
«Астана қаласы Экология департаменті 8–20 сәуір аралығында аудан әкімдіктерімен бірлесіп рейдтік жұмыстар жүргізді. Рейд барысында қала аумағында 54 заңсыз қоқыс орны анықталды. Аталған деректер бойынша аудан әкімдіктеріне ресми хаттар жолданды. Қазіргі таңда барлық аудандық әкімдіктер санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында Экология департаменті қосымша рейдтер ұйымдастырды. Бүгінде анықталған қоқыс орындарының 70 пайызында тазалық жұмыстары толық аяқталды», – деді Шолпанай Тұрсынқұл.

Ал Нұра ауданы әкімдігінің инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Аят Ермек бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, заңсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары да күшейтілген.
«Заңсыз қоқыс орындарын жою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 6 заңсыз қоқыс орны анықталды. Қорғалжын тасжолы бойында орналасқан заңсыз қоқыс алаңы қазіргі уақытта тазалаланып жатыр. Заң бұзушылықтарға қатысты табиғатты қорғау полициясы басқармасымен бірлесіп тиісті шаралар қабылданады. Заң талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Біз заң бұзушылықтарды тұрақты түрде бақылауда ұстап отырмыз. Мәселен, өткен жылы 29 заңсыз қоқыс орны анықталса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен», - деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Олар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Қала тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін ескерсек, атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы зор.