Референдум-2026

Елордада бет-жүзін көлегейлеген 21 азаматшаға әкімшілік шара қабылданды

Елордада бет-жүзін көлегейлеген 21 азаматшаға әкімшілік шара қабылданды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Елордада заң талаптарын түсіндіру барысында 21 азаматшаға қатысты әкімшілік шара қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астана қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында азаматтарға қолданыстағы заңнамадағы жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

12 шілдеден бастап заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толықтай жабатын киімді киюге шектеу енгізілген. Аталған талап қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Тексеру нәтижесінде әкімшілік шара қолданған азаматшалардың қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигені белгілі болды.

Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабы 1-бөлігіне сәйкес 21 азаматша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері қала аумағында, саябақта, көшеде, сауда және ойын-сауық орталықтарында азаматтарға заң талаптарын түсіндіруді жалғастырады. Осылайша тұрғындарға қоғамдық орында адамның бет-жүзін толық жабатын киім мен аксессуар пайдалану ережесі және заң бұзушылықтың құқықтық салдары түсіндіріледі.