Астана қаласындағы «Алатау» спорт сарайында ауыр атлетикадан ел чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Айтулы бәсекенің ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.

«2025 жылы еліміздегі ауыр атлетикада үлкен серпіліс болды. Бапкерлік штаб, ұлттық құрамадағы спортшылар толық ауысты деуге болады. Ең бастысы, антидопинг жағынан үлкен жұмыстар жасалды. Соның арқасында елімізге ұзақ жылдардан кейін қайта ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1-орын алып, әлемде өзіндік орны бар екенін дәлелдей алды. Сондай-ақ елімізге ауыр атлетикадан халықаралық федерациясының басшысы да келіп, Лос-Анджелес Олимпиадасының алдындағы соңғы лицензиялық әлем чемпионатын сеніп тапсырды. Енді ауыр атлетика қайтадан халықтың сүйікті спортына айналуына бар күшімді саламын», - деді Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев.

1-7 желтоқсан аралығындағы байрақты бәсекеге еліміздің 17 өңірінен кіл мықты 177 спортшы жиналды. Олардың қатарында әлем чемпиондары Нұрғиса Әділетұлы мен Артём Антропов та бар.
«2022 жылдан кейін Астана қаласы ауыр атлетикадан қайтадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып жатыр. Спортшылардың құрамы да өте мықты. Алдағы күндері ауыр атлетшілеріміз елорда төрінде рекорд жаңартады деп сенемін. Шын мықтылар жеңіске жетіп, 2026 жылы спортшыларымыз Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғайды деп ойлаймын», - деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Бүгінгі бәсекелерде ерлер арасында 65 келі және әйелдер арасында 58 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталады.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында жекелей жаттығулар бойынша 54 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Естеріңізге салсақ, бірнеше ай бұрын елордада ауыр атлетикадан жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өткен болатын.