Елордада Алматы мен Мәңгілік Ел даңғылынының қиылысында көлік мопед мінген баланы қағып кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«4 қарашада Алматы көшесі мен Мәңгілік ел даңғылының қиылысындағы ЖКО салдарынан № 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына 2011 жылы туған бала жеткізілді. Зардап шеккен адамның сол жағында жамбас сүйегі сынған. Ауруханада баланы мамандар қарады. Кейін травматологиялық бөлімшеге жатқызылды», - деді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Осы жылдың 4 қарашасында кәмелетке толмаған мопед жүргізушісінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға орнына барған полиция жасағы бала Мәңгілік Ел даңғылымен Керей-Жәнібек хандар көшесіне қарай жүріп келе жатып, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп, жүргізушісі қарсы бағытта маневр жасаған Hyundai көлігімен соқтығысқан. Кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп жазылған Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.