Елорда дамуына үлес қосқан әйелдерге арналған кеш өтті
Елордада Е. Рахмадиев атындағы филармонияның камералық залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбекші әйелдерге арналған «Әйел – әлемнің жүрегі» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мерекелік кешке елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген түрлі сала өкілдері – коммуналдық қызметкерлер, медицина мамандары, тәрбиешілер, аспаздар, тігіншілер, автобус жүргізушілері және басқа да еңбек адамдары жиналды.
«Бүгін осында жиналған әйелдер қауымы – елордамыздың жылуын, тыныштығын және көркін қалыптастырып жүрген маңызды салаларда еңбек ететін жандар. Шынында да, әйел адам бір мезетте бірнеше істің басын ұштастыра алады. «Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Елордамыздың әйелдері де дәл сондай.
Олар бір жағынан отбасының берекесін келтіріп, бала тәрбиесімен айналысса, екінші жағынан қоғамдық өмірге белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі шараға дәл осындай еңбекқор, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар жиналып отыр.
Қазіргі таңда елордамызда 1,6 миллионға жуық тұрғын бар. Оның жартысынан көбі – әйелдер. Ал сол әйелдердің басым бөлігі экономикалық тұрғыдан белсенді, яғни қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей үлес қосып жүрген азаматтар. Сондықтан сіздерге алғыс білдіреміз. Отбасыларыңызға береке, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия елордада еңбек етіп жүрген қарапайым еңбеккерлерді жыл сайын құттықтауды дәстүрге айналдырған. Биыл бұл шара төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
«Бүгін біз 110 адамға арналған үлкен концерт ұйымдастырдық. Бұл шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбеккерлер шақырылды. Тіпті олардың арасында бір салада еңбек ететін үш буын өкілдері – әжесі, қызы және немересі бірге келіп отырған отбасылар да бар. Біз осындай еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетуді мақсат еттік. Өйткені көбіне басшылықтағы адамдар марапатталып жатады да, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді қамтамасыз етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері назардан тыс қалып қояды», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан.
Осындай игі іс-шаралар қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсетіні сөзсіз.




