Еліміздің мектептерінде Денсаулық күндері өтеді
Денсаулық сақтау министрлігі 1-7 сәуір аралығында еліміздің барлық мектептерінде Денсаулық күндерін өткізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Эрик Байжүнісов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Апталық барысында белгілі тұлғалар, өнер жұлдыздары мен спортшылар оқушылармен кездесіп, өздерінің өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолдары туралы әңгімелейді. Олар жастарды жігерлендіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Мұндай іс-шаралар оқушылар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, пайдалы әдеттерді насихаттаудың тиімді тәсілі болмақ.
«Осы апталық аясында әр оқушыға салауатты өмір салтының негіздерін түсіндіріп, оны қалыптастыруды дәстүрге айналдырсақ, оның пайдасы зор болар еді. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен серпін береді», – деді Эрик Байжүнісов.
Еске салсақ, елімізде 2029 жылға дейін денсаулық сақтауды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.