Еліміздегі ең ауқымды технологиялық жарыс - «Astana tech cup» чемпионаты басталды
Бүгін Елордада «Astana tech cup» республикалық чемпионаты басталды. Жарыс екі күнге созылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан чемпионатты «AZ GROUP» білім беру компаниясы Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл - Қазақстандағы ең ауқымды технологиялық жарыстардың бірі болып саналатын, жас өнертапқыштар, робототехника әуесқойлары, IT-мамандар мен инженерлік бағыттағы дарынды жастар бас қосатын ерекше алаң. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен: мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, педагогтер мен оқытушылар қатысып жатыр.

Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай чемпионаттың ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйледі. Ол биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын және университеттің құрылғанына 30 жыл толғанын еске салды.
«Университеттің 30 жылдығы аясында көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі осы чемпионат. Бүгінгі сайыстың ұйымдастырылуына университеттің Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институты атсалысып отыр. Ел болашағы жас жеткіншектердің қолында. Осы чемпионатқа қатысушылардың барлығы мен үшін жеңімпаздар. Өйткені олар өз ауданында, өз мектебінде қатарластарынан озық болып шықты», - деді Ардақ Бейсенбай.
Жиында сөз сөйлеген «AZ GROUP» халықаралық білім беру компаниясының робототехника бөлім басшысы, SmartHub, робототехника және дрондар академиясының директоры Елжас Айтжан чемпионатқа қатысушылар саны да биыл рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, чемпионаттың негізгі бағыттағы жарыстары - Fibonacci International Robot Olympiad, VEX Robotics Competition, DroneSoccer (дрон футбол), CyberSport. Соның ішінде киберспорт бағытында жарыс алғаш рет өткізіліп отыр.
«Чемпионатымыздың алғашқы жылында 240 команда 600-ден астам қатысушы болса, былтыр Назарбаев университетінде өткен жарыста 650 команда 2 мыңға жуық қатысушы болды. Биыл Еуразия университетінде өтіп жатқан жарысымызға рекордтық көрсеткіште қатысушы жиналды. 720 команда 2,5 мыңнан астам қатысушы келіп отыр. Бұл - еліміздегі ең ірі чемпионат болып саналады», - деді «AZ GROUP» бөлім басшысы Елжас Қуанышбекұлы.
Ол чемпионаттың өткізілуіне атсалысқан серіктес компанияларға алғыс айтып, жарысқа қатысып жатқан жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, бұл жарыс халықаралық жарыстарға іріктейтін республикалық кезең болып саналады. Жеңімпаздар дипломдар, сертификаттар және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Ең үздік қатысушылар Түркия мен АҚШ-та өтетін әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда Қазақстан намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады. Оның ішінде Американың Палм-Спрингс қаласында өтетін дрондар жарысы, роботтехникадан Сент-Лу́и қаласында өтетін жарысқа баруға мүмкіндік беріледі.
Еске салсақ, таяуда елімізде Daryn FIRST Qualifier 2026 роботтар фестивалі өткізілді.

