Елімізде жастар ұйымдары маңызды рөл атқарады – саясаттанушы
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басқарма сарапшысы, саясаттанушы Лаура Сансызбаева Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда халық үшін маңызды мәселелер мен стратегиялық бағыттарды талқылады. Елдің дамуы мен тұрақтылығы үшін халықтың әлеуеті мен келісімді нығайтуды маңызды алғышарттардың бірі деп атап өтті.
«Жастар» ҒЗО зерттеулері көрсеткендей, жастардың жаңа бағдарлары тек азаматтық белсенділікпен шектелмейді. Олардың жеке тұлғалық дамуы мен ішкі теңгерімге ұмтылысы айқын байқалады: діншілдікке бет бұру (23,1%), денсаулыққа көңіл бөлу (22,1%), психикалық әл-ауқатқа мән беру (14,9%), қоғамдық бастамаларға қатысуға ұмтылыс (13,3%). Сондай-ақ креативтік индустрияларды дамыту (14,5%), цифрландыру (9,3%), экологиялық белсенділік (8,2%) сияқты трендтер де жастар арасында байқалады. Бұл көрсеткіштер жастардың көпқырлы дамуға, шығармашылыққа және әлеуметтік құндылықтарға мән беретінін дәлелдейді.
Азаматтық бастамаларға қатысудан бөлек, жас ұрпақтың мүдделерін көрсету және оны қоғамға тарту мақсатында құрылған арнайы жастар ұйымдары да маңызды рөл атқарады. Қазақстандағы жастар ұйымдарының желісі әртүрлі форматта ұсынылған: қоғамдық бірлестіктер, студенттік бастамалар және саяси партиялардың жастар қанаттары. Мысалы, Amanat партиясының «Жастар рухы», Қазақстан Халық партиясының жастар қанаты, «Ауыл жастары», «Байтақ» партиясының Generation және басқалар жұмыс істейді.
Жастардың белсенділігі тек волонтерлік және ұйымдық қатысуымен шектелмейді. Олардың құқықтық сауаттылығы, диалог мәдениетін меңгеруі, жауапкершілікті сезінуі және қоғамдық мүддені қорғауы – елдің стратегиялық дамуы мен тұрақтылығының негізгі факторлары болып саналады. Президент сөзінде атап өткендей, мемлекеттің күші – жастардың көпқырлы дамуы мен шығармашылығында, жаңашылдығында және азаматтық белсенділігінде жатыр.