Тұрғын үй нарығы жанданды: Бір айдағы мәмілелер саны 28,4 пайызға артты
2026 жылғы маусым айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелген. 2026 жылғы мамырмен салыстырғанда (30 420) мәмілелер саны 28,4%-ға өсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 841 – 17,5%) және Астана (6 436 – 16,5%) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (3 772 – 9,7%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 360 мәміле (0,9%) тіркелген.
2026 жылғы мамырмен салыстырғанда маусымда мәмілелер санының өсуі барлық өңірлерде байқалады. Ең жоғарғы өсім Маңғыстау (+67,4%), Қарағанды (+43,4%) және Атырау (+40,9%) облыстарында тіркелді.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 2026 жылғы мамыр айымен салыстырғанда 25,9% (6 051 мәмілеге) өсті. 2026 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 29 432 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,4%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (21,4%), Алматы (21,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,5%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды – 11 348 мәміле.
2026 жылғы мамырмен салыстырғанда маусымда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 36,7% (2 582 мәмілеге) өсті. Маусымда барлығы 9 621 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының өсімі, Шығыс Қазақстан облысын (-1,4%) қоспағанда, барлық өңірлерде тіркелді.
2026 жылғы маусымда тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 17,4% өсті (33 273-тен 39 053 мәмілеге дейін). Мәмілелер санының ең жоғары өсімі Маңғыстау (+79,1%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу – Шымкент (-11,7%) қаласында. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санын 2025 жылғы қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 1,8% төмендеу байқалды.
Еске сала кетейік, қала күнінде елордада жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.