Елімізде ғалымдарға арналған әлеуметтік демалыстың жаңа түрі енгізіледі - Максим Споткай
Бұл туралы Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай Telegram арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, сенаторлар ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелеріне қатысты заңды мақұлдаған.
Заң аясында ғылым қалашықтары мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға құқықтық негіз қалыптастырылады. Олар ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және ғылыми жобаларды коммерцияландыру алаңына айналады.
«Жетекші ғалымдарға қолдаудың қосымша шарасы ретінде шығармашылық демалыс беріледі. Бұл демалыс жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға арналған», – деді Максим Споткай.
Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тәртібі жеңілдетіледі. Енді ғылыми ұйымдар бірнеше көзден, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары есебінен де қаржы ала алады.
Бұдан бөлек, Ұлттық ғылым академиясының қызметі бюджет қаражаты және заңмен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері арқылы қаржыландырылады.
Сонымен қатар мектеп оқулықтарынан баспаның кінәсінен қателер анықталған жағдайда, олардың таралымын баспа өз қаражаты есебінен ауыстыруға міндетті болады. Бұл норма заңнамада бекітіледі.
Еске салайық, бұған дейін Конституция жобасындағы «еңбек демалысының» алдында «жыл сайынғы» сөзінің болмауы қызметкер құқын шектемейтіні туралы жаздық.