Бастапқы әскери дайындық оқытушыларына арналған онлайн бағдарлама іске қосылды

Бүгін, 17:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бастапқы әскери дайындық оқытушыларына арналған онлайн бағдарлама іске қосылды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрлігі запасқа шығарылатын әскери қызметшілерге арналған онлайн қайта даярлау бағдарламасын енгізді. Бағдарлама бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы болуды жоспарлаған азаматтарға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Бастама жаңартылған бастапқы әскери дайындық қағидалары аясында Әскери білім және ғылым департаменті тарапынан жүзеге асырылуда. Оқу үдерісі қашықтан ұйымдастырылған, бұл тыңдаушыларға қызметтен қол үзбей педагогикалық біліктілік алуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес әзірленген. Курс мектептер мен колледждер үшін мамандар даярлауға бағытталған. Оқу мазмұнына оқыту әдістемесі, педагогика және психология негіздері, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи стандарттары кіреді.

Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушыларға белгіленген үлгідегі сертификат беріледі, ол бастапқы әскери дайындық пәнін оқытуға ресми құқық береді.

Қазіргі уақытта алғашқы топ оқуын бастап кетті. Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, онлайн форматқа көшу әскери қызметшілердің әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың әрі қарай кәсіби тұрғыда жүзеге асуына ықпал етеді.

Ведомствода бастапқы әскери дайындық жүйесіне кадр даярлау жұмысы жалғасатыны атап өтілді. Бағдарлама Қарулы Күштер мен білім беру саласы арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ оқу орындарын білікті тәлімгерлермен қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін «Астана» өңірлік қолбасшылығының сержанты 200 шақырымдық ультрамарафонда жүгіріп өтіп, әскерилердің рекордын жаңартқаны туралы жаздық.