200 шақырымдық ультрамарафон: «Астана» өңірлік қолбасшылығының сержанты әскерилердің рекордын жаңартты
«Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің рота старшинасы, сержант Тимур Ержанов Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілері арасында жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
200 шақырымдық ультрамарафон қашықтығын 34 сағат 55 минутта еңсерген ол бұл жүгірісін Құрлық әскерлерінің құрылған күніне арнады.
Қарағанды қаласындағы әскери бөлімнің аумағынан басталған марафонның алғашқы шақырымдарын Тимур жары Жанармен бірге жүгіріп өтті.

Туған жері – Ұлытау облысының Жаңаарқа кентінде мәреге жеткен әскери қызметшіні туған-туыстары, әріптестері мен жерлестері қарсы алды.

Жол бойы сержантқа әріптестері қолдау көрсетіп, кейбір учаскеде бірге жүгіріп отырды. Шақырымдардың негізгі бөлігін ол өз күшімен бағындырды.
«Тимур рухының мықтылығын, төзімділігі мен қызметке адалдығын көрсетті. Оны жеке құрам үлгі тұтады», – деді мотоатқыштар батальонының командирі майор Тасқын Әнуарбекұлы.

Жүгірумен бес жылдан бері айналысып келе жатқан әскери қызметшінің айтуынша, ол марафондарға тұрақты қатысып тұрады. Биыл Құрлық әскерлері күніне орай 200 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуді мақсат еткен болатын.
«Жолда жаңбыр да, қар да жауды. Шаршаған кезім де болды. Бірақ отбасым мен әріптестерімнің қолдауы мәреге жетуіме көмектесті», – деді Тимур Ержанов.

Айта кетейік, осыған дейінгі рекорд Қарағанды гарнизоны Әскери полиция басқармасының офицері майор Заңғар Әлкеновке тиесілі болған еді. Ол 2020 жылы 200 шақырымды 35 сағат 11 минутта жүгіріп өткен болатын.
Бұдан бұрын Астанада Қарулы күштердің үздік мергендері анықталғанын жазған едік.