Елімізде 90 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр
Биыл 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр.
Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1 000 заманауи пәндік кабинет сатып алынған. Жалпы соңғы үш жылда 4 320 пәндік кабинет сатып алынды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1 300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жұмыс аяқталды, ал 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жұмысы жалғасып жатыр. Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһазын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілді.
Бұған дейін елімізде 350 мыңға жуық педагог жасанды интеллект бойынша тегін курстан өткенін жаздық.