Елімізде 2030 жылға дейін жаңа газ өңдеу қуаттары іске қосылады – министр
Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндіру көлемі 29,6%-ға, яғни 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 млрд текше метрге дейін ұлғаяды.
«Өсім Қашаған мен Қарашығанақта қайта өңдеу қуаттарын іске қосу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл инфрақұрылымды кеңейтуге және өңірлерді газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді. 2027-2030 жылдар аралығында тауарлық газдың қосымша көлемі 1,6 млрд текше метрге, 2031 жылы – 2,3 млрд текше метрге, ал 2032 жылы 6,6 млрд текше метрге жетеді», - деп атап өтті министр.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, басым міндеттердің бірі инфрақұрылымдық нысандарды уақтылы іске қосу болып қала береді. 2025 жылдың қазан айында «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Бұдан басқа, осы жылдың соңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісіне қарасты желілік бөлігінің бірінші кезеңін, ал 2029 жылы оның екінші кезеңін аяқтау жоспарлануда, бұл тауарлық газдың қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырады.
«2027 жылы Қашағанда қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын ГӨЗ және Жаңаөзенде қуаттылығы жылына 0,9 млрд текше метр болатын ҚазГӨЗ пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2030 жылға қарай Қашағанда қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын ГӨЗ, сондай-ақ Қарашығанақта қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр болатын ГӨЗ іске қосу көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру газды қайта өңдеуді ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралуда.